Басты жаңалықтар

Байғазиннің балалары

Алға балалар үйін 24 жыл басқарған  Кенжеғазы Байғазин бүгінде ерекше балаларды сауықтыруға арналған «Күншуақ»  лагерінің директоры.  Бестамақ ауылынан бір-екі  шақырым жердегі  бұрынғы Алға балалар үйінің жазғы лагерінің орнындағы «Күншуаққа»  барғанымызда, тынымсыз директор лагерьдің жатын корпустарын, қар басқан  жазғы саябақты,  асхана, емдік кабинеттерді, иппотерапия алаңын, көкөніс қоймасын,  жылу қазандығын,  атқорасын  көрсетті.

— Өткен ауысымда  Шалқар мен Хромтау аудандарының 50 шақты баласы демалып кетті.  Қазір Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар ауданынан келген елу бала  сауықтырылып жатыр. Бір айда 4 ауданның 100 баласын демалдырып, жыл бойы үздіксіз жұмыс істейміз, — дейді сөз арасында.

— Ай сайын әр ауданнан жүз шақты бала үздіксіз келсе, онда  денсаулығында кінәраты бар  перзенттердің көбейгені ғой, — дейміз.

— Ия, өңірімізде  аутизм, дауна синдромы,  сал ауруларымен ауыратын, есту қабілеті мүлдем төмен, психикалық ауытқушылығы бар, жүйке ауруына шалдыққан балалар жылдан-жылға  көбейіп барады. Соның ішінде аутизм көп. Сондықтан  ерекше балалар үшін арнайы орталық ашу қажет болды.

Басшылық  тәжірибесі мол, іскер Кенжеғазы  Жаңабайұлы  аз уақытта «Күншуақтың» ішін  адам  танымастай өзгерткен. Жылыту қазандығын салып, корпустарға күрделі жөндеу жасап, жылу жүйелерін қайта жүргізіп, су кіргізіп жақсы кешенге айналдырған.

— Тал-терек отырғызылып, гүлдер егіліп, суарылып, күтім жасалады. Жаз бен күзде бұл жер  өте әдемі. Балалар мәз. Балаларына келген ата-аналар да риза. Қыста  шаңғы алаңы, хоккей ойнайтын  мұз айдыны  да  жасалады. Анау тұрған атқорада екі жылқымен кезек-кезек сал ауруына шалдыққан балаларды қыдыртамыз, — дейді.

2018 жылдың желтоқсанында  жабылған Алға балалар үйінің ғимаратында — Алға индустриалды-техникалық колледжі орналасқан. Ата-анасыз балаларды үлкен өмірге бейімдеудің өзіндік озық үлгісі ретінде өңірімізде айрықша танылған  Байғазиннің тәжірибесі де тарих қойнауына кетіп  барады. Қазіргі тренд —отбасылық балалар үйлері. Бүгінде  Қобда, Хромтау, Мәртөк, Темір аудандарындағы отбасылық балалар үйлерінің әрқайсысында 10 баладан тәрбиеленуде. Он шақты бала «Аяла» ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу орталығында тұрып жатыр.

Төрдегі төрт шкафтағы мұрағат

Балалар үйінде өсіп, үлкен өмірге аттанған  жастардың  балалығын сағынғанда қайта айналып соғар үйі — «Күншуақ» болып тұр. Осы жердегі тәрбиешісінен бастап, әдіскері мен күзетшіге дейінгі  70 қызметкердің басым бөлігі  Кенжеғазы Байғазинмен Алғадан бірге келгендер. Мәдени шараларға арналған 400 орындық дербес корпусқа кірсек, вокалды-аспаптар ансамблі мерекелік концертке қызу дайындық үстінде екен. Барабанда — балалар үйінің бұрынғы дефектологы Л.А. Светличная, ансамбльдің  көркемдік жетекшісі А.С.Шустин, қолөнер үйірмесінің жетекшісі С.Ж.Лосева  ән салады.

Сахнаға қарама-қарсы қабырғаға тұтас баннер ілінген. Одан мектеппен қоштасу кешінде түскен ұл-қызы аралас 40-қа жуық бала қарап тұр. Бұлар — 2009 жылы бітірген түлектер. Мұны  Әуеқалашықта  баннер шығаратын мекемеде жұмыс істейтін осы суреттегі балалардың бірі жасап әкелген. Баннер қабырғамен жапсарлас тұрған төрдегі  төрт шкафта  балалардың қолынан шыққан дүниелер, спорттық кубоктар, өздері туралы жарияланған мақалалар папкісі, әр жылдарғы фотосуреттер альбомы бар. Бұл жер Байғазинге өте қымбат. Өйткені, өзі басқарған мекеменің 90-жылдардан бергі  тарихы осында жинақталған.

2013 жылы Алға балалар үйінің «ВИА»  вокалды-аспаптық ансамблі құрылды. Басында жөнді аспабы болмағандықтан, балалар үшін деп  әркімнен сұрап алып жүрді. Сатып алуға қаржы жоқ. Сол кезде бір  гитараның бағасы — 120 мың теңге еді. Көп кешікпей Халық Банкі филиалының директоры Апуажан Төлегенова  барабан сатып алып берді. Сөйтіп, біртіндеп музыкалық  аспаптар  жинала бастады. Басында  аспаптарда ойнауды үйрететін маман да табылмады. Байғазин  Маржанбұлақта тұратын Новицкий деген егде жастағы  музыкантқа өтініш айтып еді, ол «денсаулығым жарамайды» деп келіспей қойған. Сонда да балалар  Маржанбұлақтағы Новицкийдің үйіне барып, гитараның аккордтарын  үйренді. Кейіннен  облыстық филармонияның жігіттері көмектесті. Бүгінде «ВИА»-ның  негізін құраған 1995-1998 жылғы туған  балалар  бітіріп кетті. Олардың бірі Владимир Сильченко қазір Көкшетаудағы техникалық институтта оқиды. Төтенше жағдай саласының маманы болмақшы.

Ызғарлы 90-жылдары тәрбиеленгендердің  арасында өнерлілер көп болғандығын еске алады тәрбиешілер. Ұстаздар «вундеркиндіміз» деп еркелететін әнші Салтанат Махмұтова мен «Айналайын-2002» жеңімпазы Балжан Жұмабекованың, қазір Алға аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері, полиция майоры Қайрат Әлішевтің, қазір 3 баланың анасы Ирина  Серегинаның вокалдық өнерлерін жұрт әлі ұмытқан емес. Бюджетте қаржыландыру тым тапшы болған жылдары Байғазиннің балалары концерттерге қатысып, талай байқауларда топ жарған.

1995-1998 жылдары  балалар үйінің кіреберіс жолын  өз күштерімен салған. Корпустардың ішкі жөндеу жұмыстары да балалардың мойнында болды. Наурызда балалар түрлі заттарды өз қолдарымен жасапты. 1998 жылдың  Наурыз мерекесін тойлау сәтінің фотосуреті төрдегі шкафта тұр. Мұнда  пеш-буржуйка орнатылған  киіз үйдің ішіндегі кең дастарқан басында балалар отыр. Жалпы, тұсау кесу, құда түсу, бесікке салу сияқты әдет-ғұрыптарды жетімдер үйінің балалары жақсы білген.

— Хореографыңыз мықты  екен? — дейміз біз. «Әлия гүлінің» жетекшісі  Шолпан Кәрімқызы Айнабекова Алға балалар үйінің  хореграфы болып жұмыс істегенде, осы жерде «Қызғалдақтар» би ансамблі құрылды.

Чемпиондар ұстаханасы

«90-жылдары жөнді спорт киіміміз болмаса да, жарыстардан қалмай жүрдік. Алғадағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Азамат Сарбасов ірі жарыстарға, соның ішінде жүзу жарыстарына ылғи   балаларымызды сұрай береді. «Алғаның 5 мектебінен неге алмайсың?» — деймін.

Ол: «Нәтиже жоқ. Үйдің баласы қатарынан  5 рет жаттығуға келсе,  6-шы күні келмей  қалады. 7 күн қатысса, 10-шы күні жоқ. Артынан  әке-шешесі:  «Ауырып  қалды, жөтелді» деп қоңырау  шалып жатады. Біздің балалар — әрқашанда дайын. Сарбасов таңғы сағат 6-дан бастап, күніне 3-4 рет жаттықтырады. Тәртіп солай! Сондықтан бала жаттығудан қалмайды. Екінші жағынан, кез келген сайыс, кез келген жарыс біздің балалар  үшін үлкен мүмкіндік. Бұл жерде орысша айтқанда, «вопрос выживания» мәселесі тұр. Бала іштей мүмкіндікті жіберіп алмау үшін жанталасады.  Себебі — жетімнің тірегі жоқ».

Балалар үйінің бір түлегі – Анатолий Долгов 2013 жылы Ресейдің Суздаль қаласында    джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында  күміс  жүлдегер атанды. Қазір Ақтөбеде тұрады, жаттықтырушы. Отбасылы, екі баласы бар.

2005-2013 жылдары Алға  балалар үйінің боксшылары көптеген турнирлерге қатысып, олжалы болды. Осы жерден еркін күрестен 9 облыс чемпионы, 5  Қазақстан чемпионы, 2  Еуразия чемпионы шықты. Еуразия чемпиондары  Виктория  Симбирская және Надежда Колесева қазір Алматыда тұрады, олар да жаттықтырушы. Республикамызға белгілі  бапкер  Қыдыржан Қарабалиннің арқасында  Алға балалар үйінің тәрбиеленушілері  осындай  зор жетістікке жеткен. Екатерина Попова 16 жасында Қазақстан чемпионы болды.

2018 жылдың  желтоқсанында балалар үйі жабылар алдында 33 келі салмақтағы Аня Назаренко Жапонияда өткен Азия біріншілігінде  күміс медальді олжалады. Ол мұның алдында еркін күрестен Қазақстан чемпионы атанған болатын.  Аняның халықаралық сайысқа қатысуы да оңайлықпен шешілмеген. Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы Жапонияға, Азия чемпионатына Аня  Назаренконы жіберіңдер дейді. Бірақ әр облыс қаржыны өзі табуы тиіс. Мезгіл —желтоқсанның соңы.  Спортшының жолына  ақша табылмағандықтан, Жапонияға  бармай қалуы да мүмкін еді. Қазақстанның құрама командасы Астанадан-Мәскеуге, одан  Жапонияға ұшып барады. Кенжеғазы Жаңабайұлы демеушілер іздеп, баланың жол қаржысын әзер тауып, топқа соңғы сәтте ғана  қосып үлгерген.  Бірер күннен соң Аня үлкен  жарыстан олжалы қайтты. Осылайша жабылғалы жатса да, жетім балалар  облыстың спорт көрсеткіштерін  жоғарылатып кетті. Мәселен, бір көрген жан Райхан Қалиеваны  жүзу спортынан бірнеше рет Қазақстан чемпионы деп ойламайды. Бойы кіп-кішкентай, нәзік. Бірақ суға жүзгенде онымен теңесер  ешкім болған  жоқ.  Ол да 2010 жылы балалар үйінен  ұзатылды.

Байғазин: «Біз білім деңгейі  жөнінен облысымыздағы озық мектептермен  жарыса алмасақ та, музыка,  ән айту, спорт жағынан қалыс қалған жоқпыз? Спорт пен өнер — тәрбиенің мықты құралы. Қызымыз  Алла Сильченко  НТВ-ның «Ты-супер!» бағдарламасына  тәрбиеші Салтанат Лосевамен бірге Мәскеу қаласында өткен конкурсқа қатысты. Алла  осы уақыттың ішінде 6 килограмм жоғалтты, күйзеліске түсті, бірақ  шыдады! Енді кәмелеттік жасқа толғанша жыл бойы айына  30 000 теңге стипендия алып тұрады.

— Білесіз бе, біздің 9 баламыз 2017 жылдың желтоқсанында  керлингтен Қазақстан чемпионы атанды. Жаңа жылдың қарсаңында белгілі журналист Мирал Жармұхамбетов қоңырау шалды: «Керлингтен республикалық чемпионат өтеді. Соған  облыстан команда апару керек еді, сіз нендей кеңес бере аласыз?» — деді. Мен:

— Біздің балаларды апар, шетінен спортқа жақын, жеңілсе де, қатысып қайтсын. Болмағанда, Қызылорданы, Шымкентті, Алматыны  аралап, екі апта қыдырып келер, – дедім. Бір апта жаттықты. Күнде суреттерін ватсапппен жіберіп отырды. Жарыс  басталды. Бірінші ойында  Қостанайды жеңді. «Қарағандыны жеңдік, Маңғыстауды жеңдік», — дейді.  Финалға шықты. Не керек, олар Ақтөбеге керлингтен Қазақстан чемпионы болып оралды. Спорт күніне орай Жекпе-жек сарайында өткен шарада тәрбиеленушілеріміздің  кеудесіне  «Қазақстанның спорт шеберлігіне кандидат» төсбелгісі тағылды. Бұл — 2018 жыл. Осы жылы спорт жетістіктері бойынша  жалпыкомандалық есепте 14-орында тұрған Ақтөбе облысы біздің спортшылардың керлингтегі жеңісінің арқасында 9-орынға көтерілді. Қысқы спорт түрінен ойламаған жерден осындай жетістікке жеттік», — дейді өткен жетістіктерін еске алған директор.

—  Мұның бәріне жаттықтырушыны қайдан табасыздар?

—  Мәселе тек  жаттықтырушыда емес. Мәселе басқада. Мысал келтірейін. 2010 жылы Ұлы Жеңістің  65 жылдығына  Алғада   оқу орындары мен мекемелер арасында жүгіруден  жарыс өтті. Әр командада 10 адам бірінен соң бірі 200 метрге эстафета түрінде жүгіреді. Сәуірден бастап дайындалдық. 20 баладан іріктеп, қалып қойғандарын шығарып тастап отырдық та, ылғи желаяқтарын қалдырдық.  Жарыс күні. Сапта тұрмыз. Балаларға: «Осы жерде өздеріңді көрсетіңдер. Алғада жеңіліп қалу — нағыз масқара» дедім. Көздері жанып тұрды. 5 қыз, 5 ұл 200 метрден жүгіріп, эстафетаны біріне-бірі беріп жатыр. Қарасам, қасымыздағы командадағы бойлары 2 метр үйдің балалары  бірінен соң бірі құлап жатыр. Біздікілер барын салды. Менің көзімнен  жас шығып кетті. Мен көптен бері  олай қуанған жоқ едім. Сапта соңғы тұрған  бала көшені айналып мәреге жақындап келе жатқанда, басқалардың қарасы да көрінген жоқ. Ұттық.

Осылай сол күні көптен күткен абыройымыз асқақтай түсті. Эстафеталық  жүгіруді  балалар үйлері арасында өтетін  спорттық жарыстарға қосуды үнемі ұсынамын. 2017 жылы балалар үйлері арасында аймақтық  фестиваль  болды. Ұйымдастырушыларға  «эстафетамен жүгіруді  кіргізейік» дедім. «Жоқ. Бильярд», — деді. Мұнда да әркім өз пікірін ұсынады. Мен айтам: «Біздікілер бильярд ойнамайды». Ақыры Солтүстік  Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары  бильярдты балалар үйлері тәрбиеленушілері арасында өтетін сайысқа кіргізді. Біз бильярд ойнамаймыз. Бильярд — бұқаралық ойын емес. Оның бір  киясы 160 мың теңге тұрады. Мен оны алғанша, 100 доп алмаймын ба?  2015, 2016, 2018 жылдары спорттық жарыстарда  қашықтыққа жүгіру болатын. 2018 жылы Алғаның стадионында өткен  балалар үйлерінің арасындағы жарыста біз эстафеталық  жүгіру мен футболдан бірінші орын алып, жалпыкомандалық Кубокты иелендік.

Бір жылда — 28 үйлену тойы

«…Қазір көп ойланатыным рас. Ойға алған шаруаны бітіре алмаған, кейбірін  келістіре алмаған кездерім көп болды.  Көбіне  уақыт  жетпей жатады.  Жоғарыдағылар да мені көп   түсінбеді. Қанша жүгірсем де, ойымдағы жоспарым  орындалмағасын көңілім түсіп кететін кездер де көп болды.   Қолым қысқа болды, қолым қысқа…»

Архимед Мұхамбетов әкім болып тұрғанда, балалар үйіне үлкен  автобус сатып алып берді, хоккей кортын жасатты,  «Барыс» хоккей клубының фирмалық  киімдерін сыйлады.  Бұрынғы облыс әкімі Е.Имантаев, «Емшан» компаниясының алғашқы президенті,  марқұм І.Сағиев, оның ізбасары М.Өндіргенов те көмектесті. Е.Сағындықов әкім болып тұрған кезінде көптеген түлектер баспаналы болды.  Б.Сапарбаев облысқа басшылық еткенде түлектер үшін «Мейірім» үйі ашылды.

Өңірімізді қазір басқарып отырған О.Оразалиннің де қамқорлықты қажет ететін балаларға ерекше қолдауы сезіледі.

2015 жылы осы орынның 25 түлегінің үйлену тойы өтті. Әлдеқашан ержетіп кеткен ұл-қыздар үйленіп, тұрмысқа шыққанда, бұрынғы тәрбиешілері мен ұстаздарын шақырады. Балалар үйінің қызметкерлері  қазақтың да, орыстың да, немістің де, поляктың да үйлену тойларына, неке қию рәсімдеріне талай  қатысқан.

Байғазиннің балаларының жолында жақсы адамдар да, ниеті теріс адамдар да жиі ұшырасты. Мәселен,  балалар үйінің түлегі Богдан Волков Ақтөбеде тұратын бір қызға үйленіп, той өткен соң мекемеде қалған қарындасы мен інісін  асырап алды.

Оң-солын тани қоймаған жаста жетім қалған баланың мүлкіне көзін сұққан жыртқыштар да  кездесіп отырған. Әкесі қайтыс болып, балалар үйіне түскен Женя деген баланың пәтерін марқұм  әкесінің ағасы, бұрынғы судья Завгородний  сатып жіберген. Кенжеғазы  Байғазин онымен 5 жыл бойы соттасты. Ақыры Женяның пәтері өзіне  қайтарылды.  Бұл туралы «Женя и его детдомовская папа Кенжегазы Байгазин добивается справедливости» деген мақала  шықты. Осы тұста ақтөбелік журналистер, соның ішінде «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Мирал Жармұхамбетов көп қолдау көрсетті.

Балалар әке-шешесін іздейді

«Біздің қыздар Санкт-Петербургке барды. Мен  көрмеген Эрмитажды біздің 8 қыз көріп келді. «Қызғалдақтар» би ансамблінің  бишілерін Ресей жеріне апару  бәріміздің  арманымыз еді.  «Экспресс» автобус  жүргізушісі  8 қызды тегін апарып келді. Ақтөбеден Санкт-Петербурке  екі жарым тәулікте жеткен. Сол  жолы қызық оқиға болды. Ансамбль жетекшісі  Шолпан Кәрімқызы Айнабекова Санкт-Петербургтен үрейлі дауыспен қоңырау шалды: «Кенжеғазы Жаңабайұлы, не істеймін? Алесяның мамасымын деп бір әйел келіп тұр.  Соңымыздан қалмайды» дейді. Мен:

«Жасы 16-дағы қызды  алып  қашып кетпейтін шығар, не дегенмен анасы емес пе, екі сағатқа кездесуге рұқсат бер», — дедім. Қыздың шешесі де біздің түлегіміз. 90-жылдары саяжайларда тұрды. Кішкентайлы болды, жағдайы болмай жүрді. Ақыры  баланы бізге әкеліп тастады.  Сол жылдары  қызына жәрдем беріп жүрді. Киім-кешек, азық-түлік  әкеліп береді, әйтеуір  баласын ұмытпады. Кейін Ресейге кеткен. Қызының ержетіп, фестивальға баратынын естіп, алдынан шыққан. Елге келгесін қызымыздан жайлап сұрадым. Барған, кездескен. «Сөзіміз жараспады» деді. Қайтсе де арада 20 жылдай уақыт өтіп кетті ғой».

Ержетіп кеткен бір қызы: «Кенжеғазы Жаңабаевич, бір ер адам маған Шымкент жақтан  қоңырау шала береді. Әкеңмін, Ақтөбеге сенімен кездесуге барамын кездесейік», — депті. Кеңес сұрайды. «Өмірде не болмайды? Барып, сөйлес.  Жасың 23-тегі адамсың, екі балаң бар» деген.

«Туған әкеңмін» деп кездескен адаммен бірер сағат отырып, сөздері жараспай  тарасқан. «Не айтарымызды білмедік. Мүлде бөлек адамдармыз. Екі сағат үнсіз отырып, тарастық. Мен оған үкімет бақты. Тәрбиешілерім бар, мұғалімдерім бар. Отбасым бар. Университет бітірдім, заңгермін. Жұмысым да бар. Бәрі жақсы. Мен сізге ренжімеймін» деп кеттім».

— Түлектердің аузынан «ең жақын, туған адамдарым, сіздерсіздер» дегенді талай  естідім.  1990-жылдары  жасы 30-дан асқан  бір түлегіміз  туған шешемді таптым деп келді. Тәрбиешілерде «шешеңді тапсаң, детдомды ұмытып  кетесің бе?» дегендей аздап қызғаныш та болады. Осы жігітіміз ержеткеннен кейін  туған шешесін көп жыл іздеген. «Мені  детдомға Маңғыстау жақтан поезбен әкелгенін еміс-еміс білемін. Шетпе станциясынан өткеніміз де көз алдымда», — дейтін. Ол кезде 5 жаста болса керек. Есі кіріп, өз аяғымен жүретін баланы  неге  басқа облыстағы балалар үйіне әкеліп тастағанын  түсінбей жүрді. Ақыры Маңғыстау жақтан туған шешесін тауып, кездесуге барады. Шешесімен кездесуге барар алдында тәрбиешілерге келіп:

— Менің арманым – бетіне бір рет қарау.  5-6 жасымда қалай  жетімдер үйіне тапсырғанын сұрағым келеді, — деген. Ақыры Форт-Шевченкода тұратын шешесін тапқан, бірақ ол  бір жарым жыл бұрын қайтыс болыпты. «Сен көп ренжіме. Жағдайы болмаған шығар. Тағдыр ғой» деп есейіп кеткен жігітті жұбаттым. Бала бәрібір анасын іздейді екен — дейді Кенжеғазы Жаңабайұлы.

«Күншуақтан» кетіп бара жатқанымызда, 30 жылға жуық талай жетімнің көз жасын сүрткен Кенжеғазы Байғазин Алғасын сағынып жүргендей көрінді…

                                                                                 Баян СӘРСЕМБИНА,

                                                                               Бестамақ ауылы,

                                                                                Алға ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button